2026 жылғы 6 қараша күні Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің бейнелеу өнері бөлімінде «А.И. Никифоров атындағы көркемсурет мектебінің» оқушыларының «Шығармашылықтың сырлы сәттері» көрмесі ашылды.
Түлектердің дипломдық жұмыстары көркемдік техникалардың сан алуандығымен ерекшеленеді: классикалық майлы бояу және акрилмен кескіндемеден, нәзік қарындаш графикасынан бастап күрделі ауқымды инсталляцияларға дейін қамтылған. Материалдар мен орындау тәсілдерінің осындай алуан түрлілігі жас суретшілерге шығармашылық ойларын толық ашуға және көркемдік әдіс-тәсілдерді шебер меңгергенін көрсетуге мүмкіндік береді.
Графика жұмыстар бөлімінде авторлар ұлттық нақыштағы натюрморттарға жүгініп, көрнекті өнер қайраткерлерінің портреттерін жасайды және дастандарды иллюстрациялау арқылы көрерменді бейнелер әлеміне жетелейді.







