Қостанай облыстық тарихи – өлкетану мұражайында Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ұлы ерлік жылнамасы» атты көрменің ашылуы болды.
Мұражайдың қор жиынтығының 13 кескіндемелік туындысынан тұратын «Ұлы ерлік жылнамасы» көрмесі - майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне, жарқын бейбітшіліктің болашағын сақтаған барлық адамдардың ерлігі мен табандылығына көрсетілген құрмет.
Көрмеде А.А. Лазыкинның, Ж.А. Мұратованың, В.Бухнердің, С.Антоновтың және тағы басқа авторлардың кескіндеме суреттері көрсетілген.
И.Большанин мен В.Морозов сомдаған екі мәрте Кеңес Одағының Батыры И.Павловтың, Кеңес Одағының Батыры В.С.Афанасьевтің мүсіндік портреттері көрмеге шығарылған. Көрме залында А.Д. Щепотьевтің Жеңіс Паркіне арналған макеттер ұсынылған болатын.
Көрмеге қойылған соғыстан кейінгі бейбіт өмірді бейнелеген көркемсурет туындыларында Ұлы Отан соғысы әр қырынан ашылады - жауынгерлердің ауыр еңбегі, жақындарын жоғалтқан жандардың күйініші, майдан мен тылдың күнделікті дағдылы жұмыс күндері, жеңістің өлшеусіз қуанышы.